Шәкәрімнің «АР» ілімі мен Ақжанның «ЖАР» ілімі

Шәкәрімнің «АР» ілімі мен Ақжанның «ЖАР» ілімі

Шәкәрімнің «АР» ілімі мен  Ақжанның «ЖАР» ілімі

Жиенбаев Ерұлан Әсентайұлы

Республикалық жекеменшік ұйымдаар қауымдасытығы жанындағы

Білімді дамыту институтының директоры

2008 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық мерейтойының аясында өткен ғылыми-практикалық конференцияға «Бес ғылымдағы парадокс» атты мақала берген едім. Ол парадокстың мәнісі мынадай. Жалпы кез келген үдерісте, немесе себеп пен салдар арасында корелляция болады. Ол байланыс тура, немесе кері      болуы мүмкін. Мысалы ғылымның дамуы, адамзат өркениетіне материалдық жетістіктер мен рухани игіліктер алып келуі қажет. Ғылымның дамуымен адамзаттың материалдық жетістіктерінің күн санап өсіп келе жатқанын көзіміз көріп отыр. Әсіресе, қазіргі кезде цифрландыру мен интернет технологияларының дамуы адам өміріне орасан зор мүмкіндіктер алып келуде. Бұл жерде ғылымның дамуы себеп болса, салдары материалдық мүмкіндіктерінің арасындағы кореляцияның тура байланыста екені айтпаса да түсінікті.

Ал енді педагогика, психология, медицина, юриспруденция және философия ғылымдарының даму кореляциясына қарасақ, керісінше, кері байланысты байқаймыз. Қазақстандағы ең көп ғалымдар педагогтар, сәйкесінше ең көп ғылыми еңбектер мен әдістемелік нұсқаулықтардың ең көбі де осы педагогика саласында. Ал нәтиже қандай? Оны оқырманның өзі сараптауына қалдырайық. Сол сияқты психолоигия мен медициннаға қарасаң кері корелляцияны байқайсың. Жыл өткен сайын адамдардың психикалық хал-ахуалы мен денсаулықтары артудың орнына, жүйкесінде ақауы жоқ, дені сау адамдарды кездестірудің өзі қиын. Кезінде түрме  деген атымен болмаған қазақтың даласына қазір түрме аздық етіп, жаңа түрмелер салу үшін қазына қоржынынан миллардтаған қаржы қарастырылып  жатқаны жанға батады.

 Бес ғылымдағы парадокстың шешімі Шәкәрімнің «Ар ілімінде» тұрғаны туралы айтылған еді ол мақалада.

Ғылымсыз адам – айуан,

Не қылсаң да ғылым біл.

Ғылымға да керек жан,

Ақылсыз болса, ғылым – тұл.

Сол бес ғылымның сырты – формасы, қауашығы бар да ішкі руханияты – жаны жоқ. Бұл бес ғылымның зерттеу нысаны адам болғаннан соң, адамды тек саналы жануар деп қана қарастыру – ғылымды тығырыққа тірейді. Шын мәнісінде адам тек саналы жануар homosapiens қана емес,  сонымен қатар рухани жаратылыс иесі – рухани тұлға екенін де ұмытпауымыз керек.

Дін айтты маған нан дейді,

Адасқан дінді пән дейді.

Мағынасын анық ұға алмай,

Рух деген сөзді жан дейді,

Осыдан жаман әуре жоқ, дейді Шәкәрім қажы. Немесе:

Затшылдық көзді байлады,

Адастырып айдады.

Жан билемей тән билеп,

Ақылдың соры қайнады, дегенін  адамға қатысты сол бес ғылымның соры қайнады деп түсінсек  қателеспейміз. Шәкәрімнің затшылдық дегені қазіргі ғылымды материалдық, материализм деп  айтылады. Бұл ойды Абайдың жетінші қара сөзімен ары қарай тарқатқан жөн: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады». Мұндағы дүниенің көрінген сыры осы – затшылдық, материалдық дүние, ал көрінбеген сыры – рухани дүние деген сөз.  Адамдықтың орны болу үшін екі түрлі – материалдық және рухани дүние тұрғысынан тең қарауымыз шарт. Олай болмаған жағдайда Абайша айтқанда адам айуанға айналады. Оның мысалын бүгінгі батыс елдерінің азғындаушылықтың шыңына шығып, айуан жасамайтын жаһилеттіліктерді жасап отырғанынан ақ көруге болады.

Қазіргі кездегі қоғамның дерті - құндылықтардың құнсызданып, адамдардың азғындауын көзіміз көріп жүр. Бірақ әлемдік жаһандану үдерісі оның барлығын әдемілеп өркениеттің нышаны етіп көрсетуде. Бір сөзбен айтқанда, қоғам жақсы мен жаманның, дұрыс пен бұрыстың, өркендеу мен азғындаудың ара жігін ажырата алмайтын күйге келіп жетті. Бұл – жиырма бірінші ғасырдың көрсеткіші. Ақиқатты айқындап, өркениеттің дұрыс жолын көрсететін бағдаршам жоқ бүгінгі қоғамда. Шәкәрімнің сөзімен айтқанда:

Шынды таптым, қайғы басты,

Шын сырымды айтайын.

Дін де пән де қатты адасты,

Дау сабасты барқырап.

Өркениетке жетелейтін тура жолдың бірі саналатын дін, адамзаттың санасын улайтын, алапат апат алып келетін күшке айналды. Бір әке бір шешеден туған бауырлар бір дастарқанда отырып бас қоса алмайтын жағдайға жетті. Өркениетке жетелейтін екінші тура жол саналатын ғылым да шамшырақ болудан қалды. Ел мүддесін ойлайтын ғалымдар жеке қара басының қамынан аса алмайтын залыдмарға айналғанын да көзіміз көріп отыр. Сонда өркениеттің көрсеткіші, ақиқаттың бағдаршамы не болмақ?

Өткен ғасырда, коммунистік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған кезінде жасқанбай ақиқаттың бағдаршамын көрсетіп кеткен  Ақжан әл-Машанидің   «Жар ілімінің» маңызы бүгінгі күні еселеп артпаса, еш кеміген жоқ. Мұндағы  «Жар» сөзін екі мағынада да түсіне беруге болады. Біріншісі жаратылыстану сөзінің қысқарталыған түрі десек, екіншісі сол Жаратушының өзі деген мағынада. Тағы да Шәкәрімге жүгінетін болсақ:

Менің Жарым қыз емес,

Ақиқаттың шын нұры.

Оны сезер сіз емес,

Көзге таса бұл сыры.

Жасырып тұр Жар өзін,

Бас көзімен қарама.

Жүрегіңнің аш көзін,

Жардың сырын арала.

Ақжан әл-Машанидің «Жар ілімінің» тобықтай түйінін өзінің мына келесі ойтұжырымынан шығарып алуға болады: «Ұзақ өмір бойында менің жиған тергендерім үш бастаудың құйған арнасы деуге болады.

  • Табиғат ғылымдарының дәлді табыстары;

2) Адам баласының табиғат танудағы жолдары (табиғи, тарихи, діни);

3) Ана тілінің (қазақ тілінің) қазынасы;

Бұл салаларда істейтін мамандар өздерінің шұғыл айналысқан істерін жақсы біледі, басқаларды  біле қоймайды. Жеке  талдамаса ғылым жетілмейді. Бірақ  жекеленіп кеткен ғылымдар біріне бірі жат болады».

Бір сөзбен айтқанда жекелеген дін мен ғылым ақиқаттың көрсеткіші бола алмайды. Дір руханиятын ғылыммен ұштастырып, қазақ тілінің қазынасымен нәрлендіргенде ғана ақиқаттың көрсеткішін, сұлбасын, бағдаршамын алуға болады деген сөз. Үш бастаудың ақпараты бір арнаға тоғысқанда ғана ақиқаттың ілімі дүниеге келеді. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін терең ғылыми таным. Мұны жиырма бірінші ғасыр ғалымдарына қойып отырған Ақжан әл-Машани «Жар ілімінің» талабы, сыны десек артық айтпаймыз.

Бұл ақиқат ілімін жүйеге келтірген  Мекемтас Мырзахметұлы былай дейді: «Мұндай жүйелі ілім әлемде жоқ, біздің қолымызда бар. Бірақ біз бұны кеш қолға алдық, енді ғана жан жақты дамытып жатырмыз.

«Ақи ілімі» (б.з.д. VІІ ғ.)

Әл-Фараби,  «Парасатты адам ілімі» (ІХ-Х ғ.)

Жүсіп Баласағұн, «Жауанмәртлік ілімі (ХІ ғ.)

Яссауи,  «Хәл ілімі» (ХІІ-ХІІІ ғ.)

Абай,  «Толық адам ілімі» (ХХ ғ.)

Шәкәрім,  «Ар ілімі» (ХХІ ғ.)

Мекемтас Мырзахметұлының жасаған бұл ілімдер жүйесінің жетіншісі етіп біз

Ақжанның «Жар ілімін» (ХХІ ғ.) қосып отырмыз.

Осы жеті еңбектен тұратын ілімдер жүйесі тек қазақ үшін ғана емес, бүкіл адамзат баласына рухани бағдаршам бола алатын пәрмені мен әлеуеті бар. Терең ұйқыға кеткен казақтың санасын оятатын да, қазақты өркениетке жетелейтін де бірден бір жол осы ілімдер жүйесін оқу ағарту саласының негіз етіп алуда жатыр. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. А. Ж. Машанов. Ай арысы. –  Алматы:
  2. А. Ж. Машанов. Абай және Әл-Фараби. - Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1994, 192 б..
  3. Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы. 2 Том. – Алматы: «Жазушы» баспасы, 2013, 335 б..
  4. Шәкәрім Құдайбердіұлы. Иманым. – Алматы: «Арыс». 2000 – 320 б.
  5. Мекемтас Мырзахметұлы. Абайдың «Толық адам» ілімі. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2020. - 240 б.