Ұлттық тәрбие мәселесі

Ұлттық тәрбие мәселесі

Ұлттық тәрбие мәселесі  «Ұлттық метатаным педагогикасы» негізінде

Республикалық жекеменшік ұйымдар қауымдастығы

Білімді дамыту институтының директоры

Жиенбаев Ерұлан Әсентайұлы

Ұлттық тәрбие мәселесі туралы сөз қозғамас бұрын, алдымен «тәрбие» сөзінің, термин ретіндегі, ғылыми категория ретіндегі, жылпы үдеріс ретіндегі  мағыналарына тоқталып өткеніміз жөн. «Тәрбие» сөзі білім саласында да, ағартушылық бағытында да халық арасында ең көп қолданылатын, мағынасын әркім әртүрлі түсінетін күрделі сөз. Ресми педагогика ғылымында да нақты анықтамасы  айқындалмаған көп пікірталас тудыратын ғылыми категория. Жалпы мағыналары ұқсас болғанымен бір-бірімен үйлесе бермейтін жиырмадан астам анықтамаларды талдай келе тәрбие үдерісінің педагогика ғылымындағы әлі де нақты шешімін таппай тұрған проблема екенін түсінуге болады. Білім беру мен тәрбие беру бірінсіз бірі іске аспайтын, ылғи да бірге жүретін тел қозыдай егіз үдеріс екені белгілі. Алайды білім берудің диагностикасы, мониторингі мен өлшеу құралдары толық жетілгенімен, тура сол сияқты тәрбие үдерісінің өлшеу критерийлері әлі күнге шейін шешімін таппай келе жатқан мәселе екеніне ешкім көңіл бөле бермейді. .

Тәрбие сөзі арабтың «тарбиатун» (تربية) деген етістігінен келген кірме сөз. Оның мағынасы тәрбиелеу, өсіру, рухани материалдық бүкіл қажеттілікпен қамтамасыз ету деген мағынаны береді. Өсімдікті өсіру үшін міндетті түрде екі нәрсе қажет: тамырынан келетін құнар-су мен көктен түсетін күннің сәулесі. Сол сияқты материалдық және рухани азықпен қамтамасыз ету деген мағынаға келіп саяды тәрбие сөзінің мәні.

Тәрбие сөзінің орысшасы воспитание. Құрылымдылық жағына келсек «вос» жұрнағы мен «питание» сөзінен құралған. (Этимология происходит от глагола воспитать, из вос- + питать, далее от праслав. , от кот. в числе прочего произошли: ст.-слав. питѣти (др.-греч. τρέφεινἐκτρέφειν), прич. наст. страд. питомъ, более вторичное — питати, русск. питать, сербохорв. пи̏тати, пи̏та̑м «питать», словенск. pítati, рȋtаm «кормить», чешск. pitat «кормить, питать». Связано чередованием гласных с пестун. Родственно лит. piẽtūs м., мн. «обед», др.-инд. pitúṣ м. «питание», авест. pitu- «пища», рiθwа- ср. р., piθwā ж. «пища, еда», ирл. ithim «ем», беот. πιτεύω «орошаю, пою (скот)». Использованы данные словаря М. ФасмераСм. Список литературы)

Енді бір қызығы ағылшын тілінде қазақ тілі мен орыс тіліндегідей тәрбие сөзінің баламасы мен мағынасы жоқ. Бұдан шығатын қорытынды: қазақ пен орыс ұлттары мекен ететін шығыс дүниетанымында тәрбие үдерісі туралы нақты түсініктер бар, ал батыстық дүнетанымда тәрбие үдерісі туралы түсінік мүлдем өзгеше. Әрине, бұл философтардың зерттеу нысаны, дегенмен де педагогикаға тікелей қатысы бар мәселе. Себебі педагогика негізгі философия мен психологияға табан тірейтінін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан да тәрбие үдерісін ғылыми тұрғыдан талқылағанда, соның ішінде ұлттық тәрбие мәселесі туралы сөз қылғанда ұлттың тұтас дүниетанымдық көзқарасында қарастыру қажет.

Тәрбие сөзінің қазақ тілі мен орыс тіліндегі этимологиясына қарасақ «ерекше азықпен азықтандыру» деген мағынаға келіп саяды. Мағжан Жұмабаев 1922 жылы жазған «Педегогика» еңбегінде «Тәрбие деген не?» деген сұраққа былай деп жауап береді: «Тәрбие кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді, адамзат туралы айтқанда, адамның баласын, кәміл жасқа толып, өзіне өзі қожа болғанша, тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі.  . . .  оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды».  Үш рет қайталап, «жан азығын беру» деп түсіндіреді Мағжан Жұмабаев тәрбиенің мағынасын.

 Ұлы Абай өзінің жетінші қара сөзінде: «Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді» десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің сыр сөзінде:

Сусыз егін не шықсын,

Суғар, шыда азапқа.

Дәмін алып ел ұқсын,

Сонда ұмтылар тамаққа, деп тәрбиенің түп мақсатын сол жанның тамағына алып келіп тірейді. Бір сөзбен айтқанда, білім беру мен тәрбие беру үдерісінің түп төркіні жанның азығы мен ақылдың азығын ажырата біліп, әрқайсысына өз тиесілі азығын беру болмақ. Ақылдың азығы - білім болса, жанның азығы – тәрбие екенін ескергеніміз жөн. 

Енді ұлттық тәрбиеге, әрине өзіміздің қазақтың ұлттық тәрбиесіне келетін болсақ, тағы да осы ғұламаларға жүгінеміз жөн. Мағжанның ойын ары қарай тарқататан болсақ: «Тәрбиеден мақсұт адамды һәм сол адамның, ұлтың, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі – әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі – әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару».

Ұлы Абай: Махаббатпен жаратқан адамзатты,

                    Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

                    Және сүй хақ жолы деп әділетті.

-десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Ар ілімінде»:

          Адамның бәрі бір болмайды аласы,

Оларды бұзатын нәпсінің таласы.

Ар билейтін заманда нәпсі өліп,

Бірігер еңбекте барша адам баласы.

-деп сыр сөздерін сабақтайды.  Қай-қайсысына да қарама, барлығы да тәрбие мәселесін тек ұлт деңгейінде ғана қарастырмай, барша адамзат деңгейінде көтереді. Мұнан қандай қорытынды шығады?

          Мұнан шығатын қорытынды: қазақтың ұлттық дүниетанымы мен рухани-адамгершілік құндылықтар әлеуеті тек өз ұлтының ғана емес, бүкіл адамзат баласына тура жол көрсетуге және үлгі болуға лайықты деген сөз. Өкінішке орай, сол қолда бар алтынның қадірін білмей келе жатқан жайымыз бар.

Қазақтың маңдайалды Абайтанушысы, Абайдың «Толық адам ілімінің» авторы Мекемтас Мырзахметұлы ағамыз бұл турасында былай дейді: «Мұндай жүйелі ілім әлемде жоқ, біздің қолымызда бар. Бірақ біз бұны кеш қолға алдық, енді ғана жан жақты дамытып жатырмыз». Бұл қандай ілімдер жүйесі дейтін болсақ:

«Ақи ілімі» (б.з.д. VІІ ғ.)

Әл-Фараби,  «Парасатты адам ілімі» (ІХ-Х ғ.)

Жүсіп Баласағұн, «Жауанмәртлік ілімі (ХІ ғ.)

Яссауи,  «Хәл ілімі» (ХІІ-ХІІІ ғ.)

Абай,  «Толық адам ілімі» (ХХ ғ.)

Шәкәрім,  «Ар ілімі» (ХХІ ғ.)

Мекемтас Мырзахметұлының жасаған бұл ілімдер жүйесінің жетіншісі етіп біз Ақжан Машановтың «Жар ілімін» (ХХІ ғ.) қосып отырмыз.

Осы киелі жеті ілімдер жүйесінің тек қазақ үшін ғана емес, бүкіл адамзат баласына рухани бағдаршам бола алатын пәрмені мен әлеуеті бар. Терең ұйқыға кеткен казақтың санасын оятатын да, қазақты өркениетке жетелейтін де бірден бір жол осы ілімдер жүйесін оқу ағарту саласының негіз етіп алуда жатыр.  Осы міндетті іске асыру мақсатында «Ұлттық метатаным педагогикасы» дүниеге келді.   Ғылыми-теориялық негізі мен әдіс-тәсілдері, қолданыс құралдары мен толық жүйесі жасалып, он жыл бойы Алматы қаласында Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей қабырғасында сынақтан өтіп жетілдірілді.

Тәжірибе барысында тәрбие диагностикасы мен мониторингі жасалынды. Сыныптың тәрбиелілік деңгейін тиімді анықтаудың жүйесі құрастырылып сынақтан өтті. Сынып жетекшілерге тәрбие жұмысын тиімді жүргізудің құралы ұсынылды. Әрбір сынып жетекшісі өз сыныбының тәрбиелілік деңгейлері мен адамгершілік құндылықтарын арттыруға мақсатты түрде тәрбие жоспарын құрып,  жүйелі тәрбие жұмысын жүргізді. Сонымен қатар, әрбір пән мұғалімі өзінің жеке пәні аясында білім беру мен тәрбие жұмысын үйлесімді жүргізудің технологияларын тиімді пайдалануды жүзеге асырды. Бұл тек қана тәрбиеге қатысы бар ұзын сонар жұмыстың кішігірім бөлігі ғана. Толыққанды тұлға қалыптастыру үшін «Ұлттық метатаным педагогикасының» жүйелі жұмысын кешенді түрде жүргізу шарт.

Сонымен, қорыта келгенде, ұлттық тәрбие мәселесі қазіргі күнгі шешімін таппай тұрған ең өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін алдымен тәрбие үдерісінің ғылыми-теориялық заңдылықтарын анықтап алу шарт. Екіншіден, сол заңдылықтарға сүйене отырып, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі ұлттық дүниетаным мен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың негізінде ұлттық тәрбие берудің әдіс-тәсілдері мен технологияларын, құралдары мен нұсқаулықтарын жүйелеу қажет. Мұның барлығын да Мекемтас Мырзахметов көрсеткен ілімдер жүйесінің негізінде іске асыру керек. Үшіншіден, жүйеленген жұмысты жаппай бала бақшадан бастап, жоғарғы оқу орнына шейін енгізуді  міндеттеу қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. М. Жұмабаев. «Педагогика», Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1993, 155 б.
  2. А. Ж. Машанов. Абай және Әл-Фараби. - Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1994, 192 б..
  3. Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы. 1, 2 том. – Алматы: «Жазушы» баспасы, 2013, 335 б..
  4. Шәкәрім Құдайбердіұлы. Иманым. – Алматы: «Арыс». 2000 – 320 б.
  5. Мекемтас Мырзахметұлы. Абайдың «Толық адам» ілімі. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2020. - 240 б.
  6. https://ru.wiktionary.org/wiki/воспитание