Қос Ақымет

Қос Ақымет

Қоршаған ортаны, қоғамды құрайтын барлық тірі жан иелері үнемі бір-бірімен қарым-қатынаста болады. Қарым-қатынассыз қоғамда даму болмайды. Қарым-қатынас жасаудың ең кемел, әмбебап құралы  – тіл. Әр ұлттың өз тілі бар. Ұлтты  өзге ұлттардан ерекшелендіретін белгілерінің бірі, әрі бірегейі – осы тіл. Тіл – тамыры түпсіз тереңнен нәр алатын  өте күрделі, рухани-энергетикалық тірі ағза, немесе ұлттың жаны десе де болады. Қазақ тілінің өзге тілдерден қандай ерекшелігі, қандай айырмашылығы бар?

Тілдердің бір-бірінен айырмашылқтары өте көп, өзіне ғана тән ерекшеліктері де аз емес. Қазақ тілінің ерекшелігі туралы  ұлт ұстазы Ақымет Байтұрсынұлы былай дейді. «Асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиісті. Неге десек: ата кәсібін тастамай, істеп келе жатқан – қазақ. Басқа жұртқа араласпай, өз алдына оңаша, оқшау жүрген – қазақ. Жат жазудың ыңғайына қарап, басқалардан тілін бұзуға, арасына жазу жайылмаған түрік баласы – қазақ». «Неліктен қазақтың тілі асыл?»  дейтін болсақ, оған былый деп жауап береді: «Қазақта жазу сызу болмаған соң, жалғызақ табиғаттың законына ерген, сондықтан тілі азбаған». Бұл жерде Ахаң қазақ тілінің табиғатының, дыбыстық құрылымы мен үндестік заңдылықтарының азбағандығын айтып тұр деп ойлаймыз. Ал енді қазақ тілінің «асылдылығы неде, неге байланысты, ол асылдылық қашан, қалай пайда болған, қайдан бастау алған?» деген сұрақтар туындайды.

Тіл – ұлттың жаны, әрі ұлттық құндылықтар мен ұлт руханиятының айнасы. Сондықтан тілдің асылдылығын ұлттың руханиятынан, оның дүниетанымынан іздеу керек. Ол үшін, әрине, ұлттың тарихына үңілу қажет. Қазақтың тарихына көз жүгіртсек, ұлт руханиятының қайнар көзі, мөлдір бұлағы, нұр шамшырағы кіші Меккеге айналған киелі Түркістан мен әулие Қожа Ақымет Йассауиге барып тірелеміз. Түркістанның кіші Меккеге айналуының себебі әулиелередің әулиесі, рухани ұстаздардың ұстазы, рухани кемелдікке жеткен кемеңгерлердің Темірқазығы Қожа Ақымет Йассаудің шарапаты.

Орта ғасырларда қазақ тілінің, ол кезде түркі тілінің тарих сақынасынан жойылып кетудің үлкен қауіпі туды. Қазақ даласына мұсылман діні  тарап, араб тілінің ықпалы күшейді. Сауда-саттық дамып, шығыс мәдениетінің өркен жаюынан, әдебиет пен поэзия тілі - парсы тілі де араласа бастады түркінің тіліне. Ғылым-білім мен мәдениет, өркениет пен сауда саттық барлығы жібек жолы бойымен тарап, біртіндеп орта Азия қалаларндағы түркі тілін ығыстыра бастады. Сол кезде Қожа Ақымет Йассауи бабамыз дүниге келмегенде түркі тілі шығыс тілдеріне жұтылып, қазіргі қазақтардың тілі бүгінгідей «асылға» айналмас еді.  Бәлкім, қазақ деген ұлттың да тарих сақынасында өзінің рухани негізін сақтап қалуы, қазақ болып қалуы не ғайбыл еді. Оның бәрін зерттеу, баға беру тарихшылардың ісі. Өкінішке орай, қазіргі тарихшылардың арасында ондай баға бере алатын өре бар ма екен? Біз өзіміздің тарихымыздың нақты шынайы келбетін әлі толық біле алмай отырмыз. Жоғарыда Ақымет Байтұрсынұлы тілге қатысты айтқанындай: ««Қазақта жазу сызу болмаған соң, жалғызақ табиғаттың законына ерген, сондықтан тілі азбаған». Тарих ғылымы классикалық тұрғыда негізгі екі  дерекке сүйенеді, ол - археологиялық қазбалар мен қолжазбалар. Қазақтың тарихы мен барлық дүниетанымына қатысты ілімі мен білімі туралы мағылұмат ауыз әдебиеті арқылы жетіп отырды ұрпақтан ұпаққа. Сол себепті  тарихымыздың шынайы көрінісіне көз жеткізгіміз келсе, тарихты зерттеудің әдісін өзгертуіміз, жаңа қырынан жетілдіруіміз қажет. Тілдің асылдылығын қалай зерттесек, тарихты да солай қолға алуымыз шарт. Олай болмаған жағдайда, тіл мен тарихтың тек сыртқы бейнесін ғана танып, ішкі рухани тереңіне, тылсым табиғаты мен түпкі өзегіне бойлай алмаймыз.

Айналып келгенде, қазақтың тілі мен тарихының тереңіне, табиғатының тылсымы мен өзегіне бойлау үшін алдымен Қожа Ақымет Йассауидің рухани тұлғасын танудан бастауымыз қажет. Қазіргі ғылымда Қожа Ақымет Йассауидің рухани тұлғасы аз зерттеліп жатқан жоқ, бірақ әлі де сол баяғы сарын. Зерттеудің затшылдық,  метариалистік дүниетанымға негізделген әдіс-тәсілдерімен діттеген нәтижеге жету мүмкін емес. Мысал ретінде айтар болсақ, судың бетінде отырып, құр қармақ салумен, ау қармағанмен теңіздің түбіндегі байлыққа қол жеткізу мүмкін емес. Тұңғиықтың түбіндегі байлыққа қол жеткізу үшін, табиғатын тану үшін сүңгуір болып сүңгу қажет теңізге. Сол сияқты Йассауидің рухани тұлғасын тану үшін, оның руханиятына, тылсым әлеміне ену керек теңізге сүңгіген сүңгуірдей. Себебі оның әлемі материалдық дүние сияқты бас көзімен  көретін әлем емес, оның әлемі көкірек көзімен ғана көрінетін рухани, тылсым дүние.

Жасырып тұр Жар өзін,

Бас көзімен қарама.

Жүрегіңнің аш көзін,

Жардың сырын арала.

(Шәкәрім Құдайбердіұлы)

Абайдың сөзімен айтқанда: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады». Адамдықтың, рухани кемелдіктің шыңына жеткен тұлға және сол адамдықты хайуандықтан шығарудың қыр-сырын үйретуші рухани ұстаз деп таныумыз қажет Қожа Ақымет Йассауи әулиені. Сонда ғана оның айқын, шынай тұлғасын тану мүмкіндігі туады және одан алдымен қазаққа, қала берді бүкіл адамзат баласына пайда болады. Себебі қазргі қазақ тілі, кезіндегі түркі тілінің асылдануына ең үлкен сүбелі үлес қосқан тұлға - Қожа Ақымет Йассауи бабамыз, оның «Хәл» ілімі. Сол кездерден бері қазақ даласындағы ақын-жыраулар мен әнші-күйшілер, дастаншылар мен қиссашылардың барлығына шабыт бітіріп, өрелерінің кең өрістеуіне,  шығармашылықтарының қарыштап дамуына күш беретін құдірет осы «Хәл» ілімінің рухани қуаты.

Шығыс тілдеріне жұтылып бара жатқан сол кездегі түркі тілі асылданып қана  қоймай, рухани қайта түледі. Керісінше, басқа тілдердің сөздерін бидайдан ұн тартқандай төл тіліміздің дыбысталу диірменіне салып, рухани азыққа айналдырды. Баяғыдан келе жатқан өз сөзіміздей етіп трансформациялап, тілімізге түбегейлі сіңіріп  жіберді. Бір сөзбен айтқанда, түркі тілі гүлге толған көктемгі даладай түрленіп, түлеп, құнарланды, байыды, асылданды. Қазақтың әлемде теңдесі жоқ байлығы, құндылығы – асыл тілі, асыл тіл ғана тірілте алатын ділі, тірілген ділінің сыртқы өмір салтындағы көрінісі - діні. 

Өкінішке орай, қазақ әлемде теңдесі жоқ асыл тілін теңгеге айырбастай бастағанынан бастап  басындағы бақ құсынан да айырыла бастады.

Жақсылар өтіп кетті бұрын бізден,

Біз адастық жақсылар салған ізден.

Ешкімге өкпе қылу дұрыс емес,

Не берсе, берді Құдай пейілімізден.

(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы)

Қазақ даласындағы тарихи оқиғалар сабақтастығы мен олардың себеп-салдарларының түп төркінін, мән-мағынасын археологиялық қазбаларды қанша қазсаң да, шет ел тарихшыларының жазып кеткен қолжазбаларын қанша қайтара оқысаң да түсіне алмайсың, түбіне жете алмайсың. Олардан тек фактілер таба аламыз.  «Қазына бар  жерді белден қаз» демекші өзіміздің тарихымызды, ділімізді, дінімізді түгендеу үшін біз өзіміздің тіліміздің қазынасын белден қазуымыз керек, ел боламыз десек асыл тіліміздің қадіріне жетуіміз қажет.

Қызыл ерін қимылдатып айттым мұны,

Жан мен ділім, үмбеттерім көздің нұры.

Хаққа құлдық, маған үмбет болған кәні,

Шын үмбеттің көкірегіне құйдым, міне.

Қожа Ақымет Йассауи бабамыз өз заманында мыңдаған шәкірт тәрбиеледі, көкірек көздерін ашты. Олар қазақтың кең сахарасына таралып, әр қайсысы өз адал кәсіптерін қылды. Бірі малшы, бірі егінші, енді бірі ұсталық етті. Барлығы да бір ілімнің аясында бірлесіп, елдің әлеуетін көтерді. Малшы болса да жай малшы емес, көкірек көзі ашық  өз ісінің шебері болды. Сиырдың пірі Зеңгі баба, жылқының пірі Қамбар ата, қойдың пірі Шопан ата, түйенің пірі Ойсыл қара, ешкінің пірі Сексек ата, т.б. сол сияқты қазақ дүниетанымындағы фольклорлық образдарға айналып кеткен аттар ойдан шығарылған тұлғалар емес. Олар «Хәл» ілімімен сусындаған көкірек көздері ашылып әулиелік дәрежеге жеткен, шынайы өмірде нақты орын алған, өз кәсіптерінің асқан шеберлері болған тұлғалар.   

Қожа Ақымет Йассауи бабамыздың хикметін өз заманында қайталаған тұлға Ақымет Байтұрсынұлы деп санауымыз қажет. Ақымет Байтұрсынұлы болмаса, жиырмасыншы жылғы зұлматтардан санынының үштен екісін жоғалтқан қазақ өзінің асыл тілінен де мүлдем айрылып қалар еді. Оның бағасын әлі алда келер ұрпақ бере жатар.  Біздің қазіргі берер бағамыз Ақымет Байтұрсынұлы - көкірегіне «Хәл» ілімінің хикметі құйылған  Қожа Ақымет Йассауи бабамыздың үмбеттерінің бірегейі - көзінің нұры.

Ақымет Байтұрсынұлы өзінің «Қазақша сөз жазушыларға» атты мақаласында былай дейді: « ...Тілдің ғұмыры ұзақ. Оның жолы жүз жылдап емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзын ғұмырының ішінде түрлі нәрселер себеп болып, өзгерілмеген тіл жоқ: я азып өзгерілген, я асып өзгерілген, ... . Шөңки дұрыс пен қатені, қисық пен түзуді  айыруға жаратқан көкіректе көз бар». Асып өзгерілген қазақтың тілін аздырмау үшін оның асылдылығын, ішкі тылсым табиғатын тану жай ақылдың ісі емес.  «Жаратқан көкіректегі көзбен» ғана танып көре алады адам тілдің тылсым терең құдіретін.  Қазіргі тілшілерге «көкірек көзі» ұғымы таныс болғанымен, оның шынай мағынасына, өздеріне қаншалықты қатысы бар екендігіне мән бере бермейді, көп ұғымдардың бірі деп қана қарайды.

Қазақтың тілі тірілуі үшін қазақтың «көкірек көзі» оянуы қажет. Сол кезде ғана қазақ тіліне деген сұраныс туады. Қазақ тілінің асылдылығын көкірек көзімен ғана көруге болады. Затшылддық, материалдық игіліктерге негізделген ғылым мен техниканың дамыған заманында қазақ тілі қарым-қатынас құралы ретінде өзге тілдермен бәсекелес бола алмайды. Қазақ тілінің әлем сақынасына шығып үстемдік құру әлеуеті өте жоғары. Материалдық негізде қанша алға шауып кетсе де, рухани-адамгершілік тұрғысынан азғындаушылықтың шыңына шыққан батыс халқы, қала берді бүкіл әлем қазақтың тілінің теңдесі жоқ рухани құндылықтарына мұқтаж. Қазақтың ұлт болып ұйысып, жаһанданып жатқан мына алмағайып заманда алпауыт аждаһаларға жұтылып кетпей, өз тұғырына ие болып қалуының жылғыз ғана жолы - Қожа Ақымет Йассауи бабамыздың «Хәл» ілімінен нәр алып, рухани ұйқыдан ояну. Тамыры терең «Хәл» ілімінің бұтақтары Абайдың «Толық адам ілімі», Шәкірім Құдайбердіұлының «Ар ілі» мен Ақжан Машановтың «Жар ілімдерімен»  сусындап рухани кемелденудің жолына түсу ғана қазақты тығырықтан алып шыға алады.

Жұқпайды екен айтқан сөз,

Ғылымы жоқ наданға.

Кеудесінде болса сөз,

Жұғар сондай адамға.

Сондай адам қазақтан,

Көп туса осы заманға,

Босар еду-ау азаптан,

Қазақ шығып самалға.

                                          (Шәкәрім Құдайбердіұлы )

 Қазақты самалға шығару үшін жанын пида еткен Ақымет Байтұрсынұлының болашаққа аманаты мен үміті де осы: «Біздің қазақтың ісі енді басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. 20-шы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас.

«Қазақ» газетасының бас мухаррары: Ақымет Байтұрсынов».

Ерұлан Әсентайұлы