27.08.2026
«Negesh» Тамыз конференциясында инновациялық педагогикалық моделін таныстырды
2026 жылдың 26 тамызында «Алматы – білім мен инновация орталығы: жаңа халықтық Конституция құндылықтары негізінде адами капиталды дамыту» тақырыбында мектепке дейінгі білім беру саласы педагогтерінің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы мен секциялық жұмысы өтті.
Тамыз кеңесінің пленарлық отырысына Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы, Алматы қаласы Білім басқармасының арнайы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бөлімінің басшысы мен мамандары, Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың басшысы мен әдіскерлері, Алматы гуманитарлық-педагогикалық № 2 колледжінің оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі директорының орынбасары, «InCraft» ЖШС менеджері, мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен педагогтері қатысты.
Секция жұмысына мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері, педагог-психологтері, арнайы педагогтері, қазақ тілі педагогтері, тәрбиешілер, музыка жетекшілері, дене тәрбиесінің нұсқаушылары қатысты.
Көрмеде мектепке дейінгі ұйымдар мен Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық педагогтерінің авторлық бағдарламалары мен әдістемелік құралдары, «Алматыкітап баспасы» баспасының ОӘК, «NEGESH International» ОӘК, «BilimAinasy» қазақ тілін үйренуге арналған ОӘК, «Robo Enjoy» ЖК және «РОБО» ЖК-нің робототехника бойынша заманауи білім беру жиынтықтары, «eData.kz» ЖШС, «ВОВЕК-ТANYM» ЖШС, «BalaHub» балабақшаларға арналған платформалары ұсынылды.
«Negesh» кешенінің әдіскері, тренері Ыбраим Гүлжан секция жұмысына «NEGESH» инновациялық кешені: адами капиталды дамытудың жаңа педагогикалық моделі» тақырыбындағы баяндамамен қатысты. Баяндама барысында 2025–2026 оқу жылында «Negesh» бағдарламасын «Ali-garden» балабақшасы мен «Шабыт» білім беру орталығына енгізу тәжірибесімен қатысушыларды таныстырды.
Конференция барысында мектепке дейінгі білім беру саласындағы заманауи бағыттар, инновациялық білім беру тәжірибелері мен педагогтердің авторлық әдістемелік әзірлемелері таныстырылып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды. «Negesh» инновациялық кешенінің секциялық жұмысқа қатысуы мектепке дейінгі білім беру саласында адами капиталды дамытуға бағытталған жаңа педагогикалық модельді таныстыруға және тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік берді.